Головкин қарсыласымен бетпе-бет кездесті

0
1

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин (38-1-1, 34 КО) 8 маусым күні Нью-Йоркте (АҚШ) жұдырықтасатын канадалық қарсыласы Стив Роллспен (19-0, 10 КО) бетпе-бет кездесті. Madison Square Garden кешенінде баспасөз жиынын өткізіп, алдағы жекпе-жек пен өзара текетірестері жайлы сөз қозғады, деп жазады Massaget.kz .

Екі боксшы жекпе-жек алдында екі рет баспасөз жиынын өткізеді. Біріншісі Нью-Йоркте өтті. Екіншісі Лос-Анджелесте өтеді. Осыдан кейін боксшылар жекпе-жегіне тыңғылықты жаттығуға ден қоятын болады. Кездесу 164 фунтқа дейінгі салмақ дәрежесінде өтеді.

Гена DAZN стримингтік сервисімен үшжылдық келісімшартқа (6 жекпе-жек) қол қойған болатын. Стивке қарсы осы келісім бойынша алғашқы жекпе-жегіне шығады. 

GGG не деді?

— Мен бақыттымын. Madison Square Garden кешенінде кезекті жекпе-жегімді өткізетініме қуаныштымын. Ең бірінші менің телесеріктесім, DAZN компаниясына алғысымды білдіремін. Бұл нағыз бокс үшін, спорт үшін, бокс әлеміндегі жандар үшін уақыты келген жоба.

MSG кешеніне алғысымды білдіремін. Екінші үйім десем де болады. Мұнда көптеген жекпе-жек өткіздім. Рақмет тағы да, MSG!

Біз оралатынымызды айтқанбыз. Солай болды да. Осы кешке қатысатын қарсыласыма құрмет көрсетемін. Шаршы алаңда екеуміз ғана кездесеміз. Кім мықты, сол ұтады. Қандай нәтиже болса да, үйімізге екеуміз де деніміз сау қайтсақ деп тілеймін.

Бізде көп уақыт та жоқ. Дегенмен біз жанкүйерлерге тамаша бокс шоуын жасай аламыз деп ойлаймын. Мен барша жанкүйерлер мен спортсүйер қауымды 8 маусым күнгі бокс кешіне шақырамын. Рақмет, барлықтарыңызды MSG кешенінде күтемін, — деді MSG.

Роллс не дейді?

— Құдайға шүкір деймін. Осындай мүмкіндік сыйлаған GGG Promotions командасы, өзімнің промоутерім Лу ДиБелла мен DAZN стримингтік сервисіне алғыс айтамын. Соңғы уақытта бәрі мен туралы жазуда. Мына бала кім? Қайдан шықты? — дегендей.

Қазір мен өз сәтімді күткен аутсайдермін. Қарсыласпен жай жұдырықтасу үшін ғана шықпаймын, бәсекелесу үшін шығамын. Қазір мені танымайтындарға айтарым, 8 маусымнан кейін бәрің мені ұмытпайтын боласыңдар. Мен Геннадий Головкинді қатты сыйлаймын. Бірақ мен әлемді таңғалдыру үшін шаршы алаңға шығамын, — деді канадалық боксшы баспасөз жиыны кезінде.

Маусымдағы жекпе-жектен кейін Геннадий Головкин мен Сауль «Канело» Альварес арасындағы үшінші жекпе-жек ұйымдастырылуы да мүмкін. Ол үшін мексикалық боксшы 4 мамыр күні Лас-Вегаста америкалық Дэниель Джейкобсты жеңуі тиіс.

Головкиннің 41-ші қарсыласы жайлы 7 дерек

Жуырда Сауль «Канело» Альварестің Геннадий Головкинге қойған талабы жайлы жазылды. Қазақстандық боксшымен чемпиондық атақ болса ғана жұдырықтасуға шыққысы келеді. Әйтпесе қолғап түйістіруге құлықты емес екен. Бұл ойымен GGG промоутері келіспейді.

— Геннадий Альвареспен үшінші рет жұдырықтасу үшін DAZN стримингтік сервисімен келісімшартқа қол қойды. Бұл жекпе-жек үшін қандай да бір атақ болуы маңызды деп ойламаймын. Қазіргі мансап жолында GGG үшін де, «Канело» үшін де атақ маңызды деп ойламаймын. Үшінші жекпе-жекте маңыздысы қаржы болмақ. Ал кездесу өтетін орын келіссөздерде талқыланады. Өйткені енді ол Лас-Вегаста жұдырықтасуға міндетті емес, — дейді Том Леффлер.

Екі боксшы арасында өтетін бокс кешінің билеттері сатылымға шығып үлгерді. Бағалары да әртүрлі. 750, 500, 300, 200, 100 және 50 доллардан сатылуда.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ