Ким Чен Ынның Қазақстанға келетіні туралы ақпарат рас па?

0
2

Корея Халық Демократиялық Республикасының Төрағасы Ким Чен Ынның Қазақстан Республикасының мемлекеттік активтерін жекешелендіруге қызығушылық танытып отырғаны туралы ақпарат жалған. Бұл туралы «Astana Finance Days» конференциясының ұйымдастыру комитетінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Фото: www.tagesspiegel.de

Айта кетейік, кеше, 27 маусым күні Астанада өтуі жоспарланған «Astana Finance Days» конференциясына белгілі ресейлік кәсіпкер, бағдарламашы, «ВКонтакте» әлеуметтік желісі мен Telegram мессенджерінің авторы Павел Дуров, ресейлік тележүргізуші, актриса, әнші әрі кәсіпкер әйел Ольга Бузова қатысып, дербес криптовалюталарын таныстыратыны хабарланған еді.

Бұдан бөлек, шараға КХДР басшысы Ким Чен Ын мен өзге де мемлекеттердің басшылары қатысатыны айтылды.

Аталған мәліметтер «Astana Finance Days»-тің ұйымдастыру комитеті атынан бұқаралық ақпарат құралдарына таратылды.

Бірақ бүгін конференцияның ресми ұйымдастырушылары бұл ақпаратты жоққа шығарды.

«27-інші және 28 маусым күндері БАҚ-та және әлеуметтік желілерде «Astana Finance Days» халықаралық қаржы конференциясына Ольга Бузова мен Павел Дуровтың қатысатыны, сондай-ақ КХДР Төрағасы Ким Чен Ынның мемлекеттік активтерді жекешелендіруге қызығушылығы туралы ақпарат тарады. «Astana Finance Days»-тің ұйымдастыру комитеті аталғандардың барлығы жалған екенін ресми түрде мәлімдейді», — делінген таратылған хабарламада.

Ұйымдастыру комитеті БАҚ және блогсфера өкілдеріне мәліметтерді алдын ала жіті тексеріп алуға кеңес береді. Astana Finance Days конференциясына қатысты толық ақпарат astanafindays.org сайтында орналастырылған.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ