Ләззат Танысбай «НҰР-Медиа» холдингінің бас директоры болып тағайындалды

0
2

Ләззат Танысбай «НҰР-Медиа» холдингіне басшылыққа келді. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев өзінің фейсбук парақшасында жазды, деп хабарлайды UZYN.KZ.

Фото: Facebook/Мәулен Әшімбаев

«Жаңа ғана «НҰР-Медиа» холдингінің ұжымына жаңа бас директорды таныстырдым. Бұл лауазымға белгілі журналист, телевидение саласының білікті маманы әрі табысты топ-менеджер Ләззат Мұратқызы Танысбай тағайындалды», — деп жазды Мәулен Әшімбаев өзінің Фейсбук парақшасында.

Мәулен Әшімбаев жазғандай, Ләззат Танысбай «Qazaqstan» арнасында еңбек жолын бастап, кейін «Хабар» арнасында жұмыс істеген. Мемлекет басшысынң баспасөз қызметінде әртүрлі лауазымда болған. «Астана» телеарнасына ауыспай тұрып, байланыс және ақпарат вице-министрі болған.

«Бұл лауазымдарда Ләззат Мұратқызы масс-медиа саласында дарынды маман және білікті басшы екенін көрсетті. Оның қазіргі лауазымға келуі партиялық холдингтің жұмысына серпін беретініне және оның жаңғыртылуына ықпалын тигізетініне сенімдімін. Біз «НҰР-Медиа» жұмысын жаңа деңгейге шығарғымыз келеді. Ләззат Мұратқызы бұл міндетті атқарып кететініне сенемін. Ол сонымен бірге, «Астана» телеарнасындағы басшылықты жалғастырады», — дейді ол.

Айта кетсек, Ләззат Танысбай 1973 жылы туған. 1993 жылдан бастап телеарналарда жұмыс істеген. ҚР байланыс және ақпарат вице министрі болып тағайындалғанға дейін «Қазақстан» республикалық телерадио корпорациясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарған. Оның «Хабар» агенттігінде, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінде, ҚР Президенті Әкімшілігінде жұмыс тәжірибесі бар.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ