Мемлекеттік органдар миллиардтаған қаржыны қайда жұмсағандарын ашық көрсетпейді

0
4

Бүгінде сарапшылардың зерттеулері мен талдаулары негізінде мемлекеттік маңызы бар шешімдер қабылданады. Алайда отандық сарапшылар арасында әлі де ашық байланыс жоқ. Зерттеулердің басым бөлігі жарияланбайды. Бұдан бөлек, әлі күнге дейін шетелдік мамандарға тапсырыс беру жағы басым. Соның салдарынан өз елімізде мықты сараптамалық база қалыптаспай отыр. Бірақ бюджеттен ақша миллиардтап бөлінеді, деп xабарлайды ҚазАқпарат.

Фото: Көрнекі сурет

ҚР Президенті Әкімшілігінің стратегиялық әзірлемелер және талдау орталығы меңгерушісінің орынбасары Олжас Жораевтың айтуынша, осы саладағы маңызды мәселелердің бірі — ресми ақпараттың тапшылығы. Мемлекеттік органдар ашық мәліметтерді әлі күнге дейін толық жарияламайды. Ал ресми ақпарат болмаса, сараптаманы жасау қиын.

«Мысалы, білім саласы бойынша қазақстандық ғалымдардың диссертациялары жарияланбайды. Олар өздерінің ғылыми дәрежелерін осы жерде қорғады. Бірақ ғылыми жұмыстарды ашық ресурстардан таба алмайсың. Қазақстанда қандай тақырыптар зерттеледі? Ғалымдар қай бағытта жұмыс істеп жатыр? Нақты ұсыныстар мен кеңестер қандай? Мен осы сұрақтарға жауап таппай жүрмін. Сосын университет түлектерінің саны туралы ақпарат құпия мәліметке жатады. Оған да таңқалдым. Статистика комитеті ол ақпаратты жинайды, бірақ ашық жарияламайды», — деді О.Жораев Астанада өткен конференцияда.

Оның сөзіне қарағанда, мемлекеттік органдар қандай сараптамаға тапсырыс бергендерін де ашық көрсетпейді. Алайда жыл сайын ондай зерттеулерге республикалық бюджеттен 2,5-3,5 миллиард теңге бөлініп тұрады.

«Қыруар қаржы бөлінеді. Бірақ зерттеулердің нәтижесін ешкім көріп отырған жоқ. Тіпті, біз (Президент Әкімшілігі — авт.) де білмей отырамыз. Енді, қазір Әділет министрлігі арнайы базаны құрды. Оған соңғы 20 жылда жасалған екі мыңға жуық зерттеулер жүктелді. Бірақ оны тек мемлекеттік органдардың өздері ғана көре алады. Меніңше, ол ақпарат барлығына бірдей ашық болуы қажет. Соның нәтижесінде қоғамдық бақылау күшейіп, қосымша ұсыныстар түсетін еді», — деп атап көрсетті О.Жораев.

Ал Dasco Concultihg Group басқарушы әріптесі Дәрмен Сәдуақасовтың ойынша, сапалы сараптаманы мемлекеттік салада емес, квазимемлекеттік салада жасауға болады. Себебі ол жерде ресурстар көп. Мемлекеттік органдардың бюджеті шектеулі. Ал ұлттық компаниялар сараптамаға ақшаны аямайды. Басты талап — нақты нәтиже. Сондықтан мемлекеттік салада жүрген кәсіби сарапшыға жақсы жалақы ұсынса, оны оп-оңай квазимемлекеттік салаға тартып алуға болады.

«Меніңше, ондай үрдерістер болуы қажет. Сарапшы мемлекеттік саладан квазимемлекеттік салаға ауысса, одан кейін жекеменшік орталықтарда істеп көрсе, сарапшылар арасындағы байланыс күшейеді. Оған қоса, жекеменшік салада нақты клиенттермен жұмыс істеу керек. Қашықтан жұмыс істей алмайсың. Осылайша, отандық сарапшылардың кәсіби деңгейін көтеруге болады. Шетелдің қымбат консалтингін алғанша өзіміздің консалтингімізді алған дұрыс қой. Мен өзім стратегиялық консалтингті 100 миллион долларға бағалайтын едім. Бұл — бір жылдық қаржы. Бірақ ол қаржының 90 проценті шетелдік компанияларға беріледі», — дейді Д.Сәдуақасов.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ