Министр Алматы блок-бекетіндегі жол апатында көз жұмған полицейлер туралы айтты

0
3

Қазақстанның істер министрі Ерлан Тұрғымбаев қаза тапқан полиция аға лейтенанты Жарас Жанғазиев пен полиция сержаны Дастан Әбдіқановтың отбасына көңіл айтты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы ведомствоның Telegram арнасына сілтеме жасап.

Фото: polisa.kz

Министрдің сөзінше, қайғылы жағдайда қаза тапқан полицейлер төтенше жағдайдың ерекше режимінде 2 айдан астам уақыт жұмыс істеген.

«Олар күнделікті қызметтерінде карантиндік шараларды қамтамасыз етіп, қоғамдық тәртіпті қорғады. Аға лейтенант Жарас Жанғазиев Алматы қаласының патурльдік полиция полкінің инспекторы болып жұмыс істеді. 19 жыл бойы қызметтік міндеттерін абыроймен атқарып, мінсіз қызметі үшін бірнеше мәрте ынталандырылды, оның ішінде ведомстволық наградалар алды. Көптеген жас полицейлер үшін тәлімгер әрі үлгі бола білді. Жарас Жанғазиев өз ісінің кәсіби маманы ғана емес, сонымен бірге жақсы әке еді. Оның артында екі қызбен үшінші сәбилерін күткен жары қалды», — деді Тұрғымбаев.

Министр полиция сержанты Дастан Әбдіқанов 4 жылдық қызмет жолында өзін жауапкершілігі мол, ұстанымы берік әрі тыңғылықты орындаушы қызметкер ретінде көрсете білгенін тілге тиек етті. Ол өткен жылы ғана шаңырақ көтерді және бір ай бұрын ғана қызы дүниеге келген болатын.

«Өкінішке орай, қайғылы оқиға олардың өмірін қип кетті. Екі қызметкер де үздіктердің қатарында еді және Отанымызға әлі де көп еңбек сіңіре алатын. Ішкі істер министрлігінің барлық жеке құрамы олардың туған-туыстарымен бірге аза тұтады. Барлығымыз үшін бұл орны толмас қаза болып отыр», — деді министр.

Еске сала кетейік, екі полиция қызметкерінің өмірін жалмаған жол апаты 25 мамырда таңғы сағат 5.30-да Көксай ауылындағы блок-бекетте болған. BMW көлігінің жүргізушісі, 1992 жылы туған ер адам әуелі бетон қоршауға соғылып, содан кейін полиция қызметкерлерінің көлігіне соқтығысқан.

Көлік ішінде қос бірдей полиция қызметкері отырған. Алған жарақаттарының салдарынан оқиға орнында полиция аға лейтенанты Жалғас Жанғазиев қайтыс болса, оның әріптесі полиция сержанты Дастан Әбдіқанов ауыр халде ауруханаға жеткізіліп, сол жерде есін жимастан көз жұмған.

Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Ведомство күдіктінің мас күйде болуы мүмкін екенін атап өтті. Ол қамауға алынған.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ