Мысырда қазақ тілі мамандық ретінде оқытылады

0
3

Қазақ тілі тұңғыш рет араб елінің университетінде мамандық ретінде оқытылатын болады. Бұл туралы 12 маусымда Қазақстанның Мысырдағы Елшісі Арман Исағалиевтың Каир университетінің ректоры профессор Мұхаммед әл-Хоштпен кездесуі барысында расталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Фото: ҚазАқпарат

Ректор 2018-2019 оқу жылынан бастап Каир университетінің Әдебиет факультетінде алғаш рет «Қазақ тілі» мамандығының оқытылатынын атап өтіп, бұл бағытта көрсеткен қолдауы үшін Қазақстан Елшілігіне алғысын білдірді.

«Өз кезегінде  Қазақстан 2018-2019 оқу жылынан бастап мысырлық студенттерге еліміздің жоғары оқу орындарында білім алу үшін 18 шәкіртақы бөлетін болады», — делінген ҚР СІМ хабарламасында.

1908 жылы құрылған Каир университеті Таяу Шығыста «әл-Азһар» университетінен кейін ең ірі жоғары оқу орны болып табылады. Қазіргі уақытта университетте барлық салаларды қамтитын 20 факультет, 10 ғылыми зерттеу институты, 1 обсерватория, 2 аурухана, 10 медициналық орталық қызмет көрсетеді.

Каир университеті Таяу Шығыста орналасқанымен кейбір мамандықтар бойынша әлемдік рейтингтерде алдыңғы орындарды алады.

Атап айтқанда, фармацевтика саласында топ-100, медицинада топ-250, инженерияда топ-200, химияда топ-300 қатарына кіреді. Каир университетінің түлектерінің ішінде Нобель сыйлығының лауреаттары жазушы Н.Махфуз, саяси қайраткерлер Я.Арафат, М.Барадеи, сондай-ақ белгілі саясаткерлер мен ғалымдар бар.

Университет Қазақстанның бірқатар жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойған.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ