Назарбаев қырғауылдарды ұшыру рәсiмiне қатысты (фото)

0
1

Бүгін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев əдеттегідей Астана күні қарсаңда елорда маңындағы Жасыл белдеуді аралап жүр. Елбасы жыл сайынғы дəстүр бойынша қырғауылдарды ұшыру рəсіміне қатысты, деп хабарлайды Baq.kz.

Жасыл аймақ жыл сайын құстармен толығып отырады. Мемлекет басшысы соңғы үш жыл қатарынан табиғатқа 150 қырғауылдан ұшырған болатын. Бүгін де Жасыл белдеуде 150 қырғауыл еркіндікке жіберілді.

Атап өтсек, қаланы желден сақтау үшін, халықтың қолайлы климатта тұруын қалыптастыру үшін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1997 жылдың қыркүйегінде Астана қаласының Жасыл белдеуін құру туралы шешім қабылдаған болатын. Астананың Жасыл белдеуінің жалпы ауданы 14 827 гектарды құрайды. Соның ішінде 9,6 млн ағаштар, 1,8 млн шамалас бұталар, 11 502,2 гектарды ағаш екпелер алып жатыр.

Ал, сегіз жылда жұмыртқадан инкубация жолымен 9883 дарақ қырғауыл шығарылды, оның 9483-і еркіндікке жіберілді.

Жасыл белдеу құру елорда төңiрегiнде жасыл желектiң қалыптасуы мен жабайы жануарлардың көбеюiне ықпал еттi. Бүгiнгi күнi марал, бұлан, елiк, суыр, дала қарсақтары, ондатр, қоян және кiшкентай тышқандар мекен етедi. Ал құстардан балқарағай торғайы, сұр шiл, сұр сандуғаш, көк қарға, жасымық, шиқылдақ, мәскеу торғайы мен қырғауыл бар.

Одан басқа, қала тұрғындары мен қонақтарының бос уақытын ұйымдастыру үшін Астананың «Жасыл белдеу» «Оңтүстік-батыс бөлік» учаскесі аумағында ұзындығы 23,2 км велосипед жолы жасалды. Биылғы жылы осы веложол кеңейтіліп жатыр.

Елбасы бұған дейiн берген сұқбатында «Жасыл белдеудiң қалыптасуына ешкiм сенбедi, ал аймақ елорда маңындағы екiншi Бурабайға айналды» деген болатын.

 

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ