Нығматулин Үкіметтен келетін заң жобаларының сапасы төмен екенін айтты

0
1

Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин қос палата жұмысындағы кемшіліктер Үкіметтен түсетін заң жобаларының сапасы төмен болуына байланысты екенін айтты, деп хабарлайды Baq.kz.

Фото ашық дереккөздерден алынды

«Заң шығару кезінде Парламенттің екі палатасы Үкіметпен барлық салада, барлық бағыт бойынша тығыз жұмыс жасады. Соның арқасында көптеген нәтижелерге қол жеткізді. Бірақ орын алған кемшіліктер де аз емес. Бұл біріншіден, Үкіметтен түсетін заң жобалардың сапасы төмен болуына байланысты. Оған нақты дәлел ретінде заң жобасын Парламентте қарау кезінде тиісті мемлекеттік органдардың көптеген өзгерістер енгізетінін айту керек», — деді Нығматулин.

Ол мысал ретінде сақтандыру және сақтандыру қызметіне қатысты заң жобасын депутаттар қарап бастаған кезде мемлекеттік органдардың өздерінен қосымша 224 түзету енгізілгенін атап өтті.

Ал кәсіпкерлік қызметті реттеу мен жетілдіру мәселесі бойынша заң жобасы Мәжіліске кіргеннен кейін мемлекеттік органдар тағы да 254 өзгерістер кіргізген.

«Бұл ретте Салық Кодексіне енгізілген өзгерістер тіпті рекордтық жағдайға жетті. Осы Кодекс бойынша тек Мәжілстің өзінде ғана 5 мыңнан астам техникалық және корректорлық өзгерістер енгізілді.

Бұл кемшіліктердің барлығы, әрине, заң жобасының сапасына зиян келтіретіні сөзсіз. Болашақта осындай кемшіліктерге жол бермеу керек деп есептейміз. Сондықтан заңдардың сапасы өте жоғары деңгейде болуы үшін Үкімет заң жобасын жоспарлау, әзірлеу, тиісті органдармен келісу кезінде талапқа сай жан-жақты жұмыс істеу керек деп санаймыз», — деді ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы.

29 маусымдағы бірлескен отырысында алтыншы сайланған ҚР Парламентінің үшінші сессиясы жабылып, депутаттар каникулға шыққанын хабарлаған болатынбыз.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ