Олимпиада жүлдегерінің қазасы: Шымкенттіктер Мұз сарайының алдында жиналды

0
0

Шымкенттіктер қайғылы оқиға салдарынан ажал құшқан Олимпиада жүлдегері Денис тенді Мұз сарайының алдында еске алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Фото: ҚазАқпарат

Мұз сарайының алдына жиналған жұртшылық Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денистің туған-туысқандарына көңіл айтып, қайғыларына ортақтастығын білдірді.

Адамдар есімі әлемге танылған Денистің мезгілсіз өлімі оңтүстік жұртшылығының да қабырғасын қайыстырғанын атап өтті. Қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырында жұлдыздай жарқ етіп, небәрі 25 жасында жарық дүниемен қош айтысқан спортшының жетістіктерін атап өтті.

Шымкенттік мәнерлеп сырғанау спортшылары болса онымен бірге болған, әңгімелескен сәттерді еске алды. Оның өсіп келе жатқан жас спортшыларға үлгі болғаны айтылды. Қала тұрғындары еріксіз көздеріне жас алып, оның жарқылдаған бейнесі мәңгі есте қалатынын білдірді. Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен 19 шілде күні пышақ жарақатынанқаза болған еді.

Оқиға Құрманғазы Байсейітова көшелерінің қиылысында 19 шілдеде түскі сағат 15:00 шамасында болған. Спортшы көлігінің айнасын ұрламақ болған екі адамның үстінен түскен. Арада басталған жанжалдың салдарынан ұрылар Денис Тенге пышақ сұғып алған. Ол оң жақ санының жоғарғы тұсына жарақат алды. 25 жастағы Тен үш литр қан жоғалтып, ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізілді. Бірақ Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Серікбол Мусинов қосымша қан қажет еместігін және ресурстар жеткілікті екендігін мәлім еткен болатын.  2,5 сағатқа жалғасқан реанимациялық шараларға қарамастан, аурухана дәрігерлері оның өміріне араша түсе алмады. Сағат 17.30-да Олимпиада жүлдегері қайтыс болды.

Адам өлтіру бабымен қылмыстық іс қозғалды. Бүгін белгілі болғандай, спортшының өліміне қатысы бар екі күдіктінің бірі ұсталып, ол қылмысын мойындады.

Екінші күдікті — 1994 жылы туған Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Ақай ауылының тумасы Арман Құдайбергеновке іздеу жарияланды.

25 жасында өмірі үзілген спортшымен қоштасу рәсімі 21 шілде күні Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтеді. Басталуы — сағат 10:00-де.

 

 

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ