Пеш үстінде қалған тамақ бойжеткеннің өліміне әкеле жаздады

0
5

Өскемен қаласында орналасқан 5518-әскери бөлімнің сарбаздары өрт шыққан үйден ес-түссіз жатқан бойжеткенді алып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Фото: ҚазАқпарат

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің басшысы Бағдат Амангелдінің айтуынша, гвардияшылар уақытында жетпегенде оқиға қайғылы жағдаймен аяқталуы әбден мүмкін еді.

Оқиға жексенбі күні кешке болған. Өскемендегі Комсомол көшесінде кезекшілік атқарып жүрген 5518-әскери бөлімнің нарядына №23 үйдің бірінші қабатындағы пәтерлердің бірі өртеніп жатқаны хабарланған. Сарбаздар патрульдік топтың бастығына бұл жайлы хабар беріп, аталған мекенжайға ұмтылады.

«Оқиға орнына жеткен гвардияшылар терезені бұзып кіріп, ес-түссіз жатқан қызды сыртқа алып шықты. Пәтерде басқа ешкім болмаған.  Бойжеткенді сыртқа алып шыққаннан кейін алғашқы медициналық көмек көрсеткен», — делінген «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының хабарламасында. Жалынды әскери қызметшілер өрт сөндірушілер келгенше өшірген.

Анықталғандай, тілсіз жаудың лап ете түсуіне қосулы тұрған электр плитасының үстінде қалып қойған тамақ себеп болып отыр.

Оқиға орнына жедел-тергеу тобы келіп, істің мән-жайын анықтауға кіріскен.

Қатардағы жауынгерлер Әли Сағатбек, Бекболат Итекбаев пен Айтуар Хамитұлы «Қоғамдық тәртіпті қорғағаны үшін» төсбелгісіне ұсынылды.

 

 

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ