Президент жаңа облыс орталығының құрылуына байланысты бірқатар тапсырмалар жүктеді

0
6

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев облыс орталығын Түркістан қаласына көшіруге байланысты Үкімет пен жаңа өңірлердің басшыларына тапсырмалар берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Фото: ҚазАқпарат

Айта кетейік, аталған тарихи оқиғаға байланысты жазылған бейне түсірілімді AkordaPress әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.

«Құрылып жатқан аумақтарды дамыту үшін тез арада нақты іс-шаралардың жол картасын әзірлеу қажет. Жаңа әкімшілік-аумақтық бірлік пайда болғанына дейін жақын арада тиісті заңнамалық актілерге түзетулер мен өзгерістер енгізу керек. Түркістанда жаңа әкімшілік ғимараттарын және онда тұрғын үйлер салуды тез арада қолға алу қажет», — деп жүктеді Президент.

Өтпелі кезеңде барлық орталық, жергілікті мемлекеттік органдардың өңірлік бөлімшелерінің үздіксіз жұмысын Шымкентте қамтамасыз ету қажет екені аталып өтті.

«Бүгінде облыс әкімдігі Шымкентте орналасқан. Олар көшкенге дейін Шымкентте жұмыстарын жалғастырады, яғни Түркістан қаласында инфрақұрылым мен тиісті ғимараттарды салғанға дейін жұмыс істейді», — деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Н. Назарбаев меморгандарға өңірде туристік саланы ары қарай дамыту бойынша шараларды қабылдауды тапсырды.

«Облыс әкімі Үкіметпен бірлесе барлық мәселелерге жан-жақты талдау жасап, қысқа мерзімде нақты ұсыныстарды енгізуі тиіс», — деді Президент.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Президентi Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» Жарлыққа қол қойды.

Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан облысының пайда болуына байланысты пікір білдірді.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Түркістан облыс орталығы болуға әбден лайық екенін қадап айтты.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ