Сағынтаев Қостанай облысының аграршыларымен кәсіпкерлік туралы заңды талқылады

0
3

Сүт зауытының цехтарын аралау барысында «Лидер – 2010» ЖШС директоры Александр Лигай өндірістің технологиялық ерекшеліктері туралы айтып, сүт және қышқыл сүт өнімдерін шығаруға арналған жабдықпен, осында шығарылатын өнімдер сұрыптамасымен таныстырды, деп хабарлайды Премьер-министрдің ресми сайтына сілтеме жасаған UZYN.KZ.

Фото: Ашық дереккөздерден алынды

Бүгінгі таңда кәсіпорын орта есеппен тәулігіне 30 тоннаға жуық сүт өңдейді, алайда таяу келешекте 50 тоннаға дейін өңдейтін болады. Мұнда шығарылатын өнім сұрыптамасы 20-дан астам өнім түрін қамтиды, келешекте өндіріс желісін кеңейту көзделген.

Әңгімелесудің басты тақырыбы — Мемлекет басшысының кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері туралы заңға қол қоюына байланысты кеше күшіне енген бизнеске арналған жаңалықтар мен өзгерістер болды. Сондай-ақ, Президенттің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауы мен Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мәселелері талқыланды.

Бақытжан Сағынтаев құжатқа қол қойылғаннан кейін бизнеске, оның ішінде АӨК салаларында өсімнің жаңа мүмкіндіктері ашылатынын мәлімдеді. Қабылданған заң бизнесті реттеу саласындағы заңнаманы ырықтандыруға бағытталған және мемлекеттік бақылау функцияларын шамамен 30%-ке қысқартуды көздейді. Олардың ішінде аңшылық және балық шаруашылығын жүргізу саласындағы бақылау. Осылайша, 14 кодекске және 109 заңға енгізілген 1000-ға жуық түзетулер бизнесті дамытуға барынша қолайлы жағдай жасап, елімізде кәсіпкерлік қызметті нығайтуға жаңа маңызды ынталандыру шарасы болады.

АӨК дамыту мәселелерін талқылау барысында өңірде Мемлекет басшысының 2018 жылғы Жолдауында берген тапсырмаларының орындалу қарқыны қаралды. Агроөнеркәсіп кешені саласында бес жыл ішінде кемінде 2,5 есеге еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығы өнімдері экспортын ұлғайту міндеттері қойылған.

Мемлекет тарапынан тиісті жағдайлар жасалып жатыр. Соңғы бес жылда саланы тікелей мемлекеттік қолдау көлемі үш есеге артып, шамамен 260 млрд теңгеге жетті. Өткен жылы 2017–2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес шағын және орта шаруашылықтарды ауыл шаруашылығы кооперациясына тарту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Балық шаруашылығы, қой шаруашылығы, ара шаруашылығы өнімдерін және жылқыларды, сондай-ақ кебекті экспорттауға Қытай нарығы ашық. БАӘ-ға ірі және ұсақ қара мал жеткізуге қойылған кедергілер жойылды.

Қабылданған шаралар нәтижесінде ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 2017 жылы 2,9%-ке артып, 4,1 трлн тг құрады. Сондай-ақ, азық-түлік өнімдерінің 4,1%-ке өскені байқалады. Азық-түлік өнімдері өндірісіне және ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестициялардың өсімі шамамен 30% құрады.

Премьер-Министр Қостанай облысы ауыл шаруашылығы тауарларын өндіру көлемі бойынша жетекші аймақ екенін атап өтті. Өндірілетін азық-түлік өнімдерінің үштен бірі экспортталады. Индустриялық-аграрлық ерекшеліктерін ескере отырып, өңір АӨК саласын цифрландыру бойынша пилоттық өңір ретінде анықталған. Облыстың агроөнеркәсіп кешенін дамытудың өткен жылдағы негізгі көрсеткіштері тұрақты өсімді көрсетеді.

Ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі А. Евниев кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру туралы қабылданған заңды ескере отырып, фермерлерге берілетін мүмкіндіктер туралы толығырақ айтып берді.

Ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамыту, ШОБ бәсекеге қабілеттілігін арттыру, экспорттың жаңа нарықтарына шығу мәселелері бойынша «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы А. Мырзахметов баяндады.
Мәселелерді талқылау барысында жергілікті аграршылар кәсіпкерлік қызмет туралы жаңа заңға қолдау білдіретіндерін айтты.

«Біз Елбасының тарихи шешімін қолдаймыз. Қабылданған заң бізге бизнесті кеңейтуге үлкен мүмкіндіктер береді», — деді облыстың қоғамдық кеңесінің төрағасы, «Қарқын» ЖШС құрылтайшысы  Бұқанов.

Мәселелерді талқылау қорытындысы бойынша ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев аграрлық сектордың стратегиялық маңыздылығын ескере отырып Мемлекет басшысының алға қойған барлық тапсырмалары таяу мерзімде іске асырылуы қажет екенін атап өтті. Агробизнес алға қойылған міндеттерді орындау процесіне тартылып, идеялар мен нақты шешімдерді ұсынуы керек.

Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігі басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп, кездесу барысында айтылған сұрақтар мен ұсыныстарды қарастыруы қажет.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ