Секен Тұрысбек: Ұлттық домбыра күні – Рухани жаңғырудың әдемі көрінісі

0
8

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен күні кеше ғана шілденің бірінші жексенбісі «Ұлттық домбыра күні» болып бекітілді. Сонымен қатар, бұл күн Астананың жиырма жылдығына арналған бағдарлама кестесіне енгізілді. Рас, 4 мың жылдай тарихы бар домбыраның қоңыр үні кім-кімді де тамсандырмай қоймайды. Бүгінде ол өзінің ерекшелігімен Гиннес рекордтар кітабына еніп, ЮНЕСКА-ның сертификатын алып үлгерді. Осы ретте, «Ұлттық домбыра күнінің» белгіленуіне атсалысқан күйші, ҚР Еңбек сіңірген әртісі Секен Тұрысбекпен телефон арқылы сұхбат алып, айтулы күнге орай ұйымдастырылып жатқан шаралардың бет пердесін ашуды сұрадық, деп хабарлайды Baq.kz .

фото ашыұ дереккөзден алынды

— Сұхбатымызды бастамас бұрын Сізді «Ұлттық домбыра күнімен» құттықтап қойсақ деп едік. Бұл күнге де жеттік.

— Ұлттық домбыра күнінің белгіленуі заңдылық сияқты. Домбыра Қазақстанның символы іспетті. Әркімнің өнерін тындап, халқын таны деген. Сосын Әуезовтың қазақ өнеріндегі күрделісі толымдысы, сырлысы ол күй дегені бар ғой. Ал, Қадір Мырзалиев болса «нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра», деген. Жасыратыны жоқ, 70-80 жылдарға дейін домбыра тәлтіректеп келді, есін әсер жинады. Ол кезде жастар эстрадаға, гитараға қарай бет бұрып жүрген еді. Сол уақыттарда домбыраға келудің өзінде Ахмет Жұбановтың, Тастановтың күйлері үлкен күйлерге жетелейтін теңізге іспетті болды. Сонымен қатар Әбубәкіровтың «Талас» күйі, Сейілхан Құсайыновтың «Мереке» деген күйі, Әбдімомын Желдібевтың «Ерке сылқым» күйі, менің «Көңіл толқыны», «Ақ жауын» сынды күйлерім жастардың домбыраға қарай бет бұруына себеп болды деп сенемін. Мәселен «Көңіл толқыны» ол гитарадағыдай алма кезек тартылады. «Ақ жауынды» да осылай атап өтуге болады, ол қоғамдағы барлық қарама-қайшылықты жуып-шайып кететін, шіркін, бір ақ жауын болса деген тілек іспетті еді. Жалпы, Ақ жауын 1987 жылы жарыққа шықты, сонда оның өзіне міне 30 жыл толды деуге болады. Одан кейін, желтоқсанға «Боздақ», астананы Алматыдан көшірген кездегі «Күлтегін» күйі, «Дарабоз», «Аруана», «Өкініш», «Ақжүніс», «Көкбөрі», «Бесік күйі», «Түлегетай», «Мәлғаждар» күйлерім бар. Жалпы, 14 күй жазған екенмін. Білетіндердің айтуынша Құрманғазы, Тәттімбеттің біраз туындылары жоғалып, олардың біздерге негізгі 16-17 күйлері жеткен. Абайдың әндерінің өзі 20-дан ары қарай бармайды. Сондықтан осы бір аз уақытта он төрт күй мен 21 ән жазыппын. Айтайын дегенім, бастысы сан емес сапа емес пе. Бес жүз мың ән жаздым деп немесе қазақта бес мыңнан астам, жеті мыңнан астам күйі бар деп жатамыз. Тырқылдатқан дүниенің бәрін күй десек не болғанымыз. Абай айтып кеткендей, «Ақылдының сөзінде, ойлы күйді тыңдағанда көңілдің нөсері бар». Бүгінде даңғаза музыканың дәуірі өтті. Қазір соғыс заманы емес, әр заманның өзінің күйлері болды. Бір уақытта көшпенділер, табиғатта, тау ішінде деген сияқты, тұрмысқа қарай «Бозінген», «Наритерген», жылқыға арналған күйлер, күнделікті көзбен көріп жүрген әсем табиғатқа арналған «Сар жайлау» сынды күйлер шықты. Ал бүгінде қалада тұрып, көзімен көрмеген сезінбеген дүниеден күй жасау жалғандық сияқты болып тұрады.

— Сонда қазақтың домбырасы мына заманауи әлемде өз орнын таба алмай жүр ме?

— Бүгінде домбыра өзінің орнын, биігін тапты. Қазақтың күйі тек қазаққа тән қасиет, өзге бір ұлтта, адамзат баласында ешкімде жоқ және ол тек бір домбыра емес ондағы күйлер, Құманғазы, Тәттімбет, Дина Нүрпейісова апамыздың, Қазанғаптың, Сүгірдің, кешегі Төлегеннің, Мағауия Хамзиннің, Мәжғасыр Әубәкіровтың, Нұрғиса Тілендиевтің Арманының өзі, Махамбеті мен Аққуы, Көш керуені мен тағысын тағы.

Қытайда менің «Ақ жауын» күйімді ауа райы туралы мәліметті бергенде соның фонына қойып қояды екен. Ал, біздер болса ауа-райына өзгенің, орыстың музыкасын қойып жатамыз. Менің Қытайға барғанымда «Ақ жауынды» тартқанда олар бірден орындарынан тұрып кетті, яғни домбыраның үні олардың құлақтарына сіңіп қалған. Тап-таза қытайлардың өздері домбырамен тартады. Бұл дегеніңіз музыкада ұлт арасында шекара жоқ дегенді білдіреді. Сосын күйді ұғу үшін оған аударманың қажеті жоқ, тек көкірек көз, құлақтың саңылауы қажет. Сол секілді Жапонияға барғанымда «Көңіл толқынына» азғантай Семей-Невада, Хиросима-Нагасаки деп азғантай аннотация бергенде жыламаған жапон қалмады. Жалпы біз осылайша күйдің тарихын айту арқылы оның мағынасын түсіндіреміз. Соңғы кездері күйдің тарихын айту кенже қалып келеді. Батыс музыкаларының, классикалық музыкаларының бәрінде де шығу себебі, әсері, қайдан туғаны айтылып, жазылып жатады. Осы жағынан да кенже қалып жатқанымыз бар. Сонымен қатар күйші мен домбырашының ара жігін ажырата білу керек. Ол да насихатталмай жүр.

Ал, заманауи техниканың домбыраға тигізіп жатқан әсері қандай?

— Рас, бүгінде заманауи техниканың арқасында 4-4,5 минуттық күйді 1,5 минут қылып қысқартып бере салатындар бар. Ол дұрыс емес, ұстаным болуы керек. Уақытпен емес, ойменен санасу керек. Осылайша күйдің өзіндік болмысы, мінезі сақталмай келе жатқан іспетті. Осы мәселе қалыптасатын болса ол нұр үстіне нұр, жақсылық болар еді. Бұл біртіндеп келетін дүние. Осыдан менің отыз жыл бұрын тартқан «Бозінген» күйін біреулер маған ұялы телефоныма жіберіпті. Оны естігенде әбден қынжылдым. Ана күйді асығып орындаған екенмін. Не деген ойсыздық деп жылағым келгені бар. Сол кезде маған бұның дұрыс емес деген кісі болмапты. Сол үшін қынжыламын. Бүгінгі жастарға енді біз айтамыз.

Ұлттық домбыра күніне ойыссақ. Осыдан бір ай бұрын Ұлттық домбыра күні туралы естігенде онше елең ете қоймап едік. Кезекті бір реттік шаралардың бірі шығар деп қоя салдық Алайда күні кеге ғана ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен шілденің алғашқы жексенбісі «Ұлттын домбыра күні» деп бекітілді. Осыған орай, бірінші шілде күні Қазақ елі монументінің маңында үлкен шара өткелі жатыр. Бүгінде дайындықтарыңыз қалай? Халыққа не ұсынасыздар?

Құдай қаласа Астанада 2000-ға тарта домбырашылардың басын қосамыз. Содан кейін шеберлер ою-өрнектермен әшекейленген домбыраларын алып барады. Шеберлерге айтарымыз да бар, олар ою-өрнектерден гөрі, домбыраның дыбысына көбірек көңіл бөлсе деп едік. Қоңыр үнді қайтып әкелетіндей, домбыра болғаннан кейін оның ішігене, тегіне, шанағына, бәріне байланысты ғой. Мысалы біздер домбыраның ішегі ретінде қармақ жіпті пайдаланамыз. Бұдан артық қорлық бар ма. Кезінде ешкінің шегінен жасалды емес пе ол.

Сөзіңіздің жаны бар.

Биыл біз бірінші рет Ұлттық домбыра күнін атап өтеміз. Алайда ол келер жылдары жыл сайын атап өтілетін болады. Жалпы, Ұлттық домбыра күні — Рухани жаңғырудың әдемі көрінісі болды десек артық айтпаспыз.

Әңгімеңізге рахмет.

Ескерту!

Baq.kz сайтында жарияланған авторлық материалдардың барлық құқықтары қорғалған және ақпарат агенттігінің меншігі болып табылады. Көшіріп басу редакцияның рұқсатымен жүзеге асады. Материалды көшіріп басу кезінде Baq.kz сайтына төте сілтеме көрсету талап етіледі.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ