Соғыс кезінде екіге бөлінген отбасы мүшелері алпыс жылдан соң кездесті

0
3

Алпыс жылдан астам уақытқа созылған Корея соғысы кесірінен екіге бөлініп, Оңтүстік және Солтүстік Кореяда өмір сүруге мәжбүр болып жатқан отбасылар саны өте көп. Кеше екі елде тұратын тоқсаннан астам отбасы мүшелерінің кездесуі өтті, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі Reuters агенттігіне сілтеме жасап.

Фото: Baq.kz

Алдағы үш күнде олар Солтүстік Кореядағы Кумган тауының маңындағы туристік елді мекенде жалпы ұзақтығы 11 сағатқа созылатын кездесу өткізетін болады. Бұл екі көрші мемлекеттің биыл ядролық және зымыран бағдарламасына қатысты келіссөздер жүргізе бастағанынан кейін мүмкін болып отыр. Естеріңізге сала кетсек, сәуір айында Солтүстік Корея мен Оңтүстік Корея президенттері саммит өткізіп, бейбіт келіссөздер жүргізген еді.

Кешегі кездесуге Оңтүстік Кореядағы 89 отбасының 330 мүшесі (олардың көпшілігі мүгедектер арбасында отыр) солтүстіктегі 185 туыстарымен кездесуге келді. Кездесу кезінде олардың көзінде тек жас емес, қуаныш та, сенімсіздік те байқалды. Кейбіреулері, тіпті, отбасы мүшелерімен 60 жылдан астам уақыт көріспегендіктен, туыстарын танымай қалып та жатты.

«Қалай қартайып кеткенсің», деді кездесу барысында 92 жастағы Ким Дал-ин өзінің қарындасы Юй Докқа.

«Сенімен кездесу үшін соншама ұзақ күттім ғой», деді 85 жастағы ер адам ағасының жас кезіндегі суретін ұстап тұрған қарындасына жақындап.

Ал 72 және 71 жастағы ағалы-қарындас Ким Дьонг Сил мен Дьон Юн ұлттық киімдерін киіп алып, 99 жастағы қарт анасымен кездесуді асыға күтіп тұрды.

Бұл екіге бөлінген отбасы мүшелері ондаған жылдарға созылған саяси құлдыраудың құрбандарына айналған. 1950-53 жылдардағы соғыс бейбіт келісіммен аяқталмағандықтан, жағдай шиеленіскен күйі қала берген еді. Пхеньянның қару-жарақ бағдарламасын күшейте түскені тағы бар.

Бүгінде соғыс нәтижесінде Оңтүстік Кореядан отбасыларынан ажырап қалған 57 мың адам тірі қалған. Көптеген жылдар бойы Сеул жекелеген отбасы мүшелерінің видеоконференция арқылы көрісуіне мүмкіндік жасағанымен, нашар байланыс оған да жөнді мүмкіндік бермей келген.

Ал маусым айындағы тарихи саммитте Дональд Трамппен кездескен Ким ядролық бағдарламалардан тек Вашингтон қауіпсіздікке кепілдік берсе ғана бас тартатынын айқан болатын. Содан бері екі жақ бұл мақсатқа қол жеткізудің ортақ шешімін таппай келе жатыр.

Кездесуге келген отбасы мүшелері екі жақтың бейбіт келісімге келуі осындай кездесулердің санын арттырып, хат алмасуға мүмкіндік беруі керектігін айтып жатты.

«Екі жақтың да үкіметі көптеген отбасы мүшелері туыстарының не өлі, не тірі екенін біле алмай өмірден өтіп кеткеніне өздерін кінәлі сезінуі керек. Сондықтан бейбіт келіссөздер кезінде екіге ажырап кеткен отбасыларды табыстыру басты басымдыққа айналғаны жөн», дейді олар.

Жоспар бойынша кездесуге шекарадан өтуге 93 отбасы мүшелеріне рұқсат берілген еді, бірақ денсаулықтарының нашарлауына байланысты төрт отбасы кездесуден бас тартыпты. Сеулдің жауапты министрлік өкілдерінің хабарлауынша, тағы да оңтүстіктегі 88 отбасынан 469 адамның солтүстіктегі 128 адаммен кездесетіні туралы хабарлады.

Кездесуге келгендердің көбі туыстарын енді қайта кездестіретіндеріне күмәнді екендіктерін жеткізді. Себебі олардың көпшілігі 80 жастан асып кеткен.

Шілде айының соңына қарай отбасылардың екі жаққа бөлінуінен жапа шеккен 132 600 адам анықталды. Олардың ішінде тірі қалған 57 мың адамның 41,2 пайызы 80 жастан, 21,4 пайызы 90 жастан асқан адамдар. Тізімдегі ең кәрі оңтүстістіккореялық Бэке Сонг-гю 101 жаста. Ол кеше өзінің немересімен және келінімен кездесті.

Кездесуде болған дәрігер Хан Сан-джоның айтуынша, кездесуге қатысқандардың көбі қарттар болғандықтан, оларда гипертония, диабетт және басқа да аурулары бар.

«Кездесу болмай тұрып біз оларды жақсылап медициналық тексеруден өткіземіз», дейді ол.

Оңтүстік Кореядан келгендердің көпшілігі туыстарына тарту ретінде киім-кешек, дәрі-дәрмек, азық-түлік әкелген. Ал 91 жастағы Луна Хен-Сук өзінен 12 және 26 жас кіші сіңілдеріне киім-ешектен бөлек косметикалық бұйымдар ала келгенін айтты.

«Мен әдемі киім көрген сайын, бұларды кисе, менің сіңілдеріме қалай жарасар еді деп ойлайтынмын», дейді ол.

 

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ