Солтүстік Қазақстанда «Мерейлі отбасы» байқауы өтті

0
8

Петропавлда «Мерейлі отбасы» байқауының облыстық кезеңі өтті. Қызылжар өңірінде 2014 жылдан бері аталған сайысқа 350 отбасы қатысып үлгерді, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Бас фото: ашық дерек көздерінен

Биылғы сайысқа қатысуға 80 отбасы өтініш білдіріпті. Олардың ішінде мұғалім, дәрігер, спортшы, ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлерінің бірнеше династиясы бар. Облыстық кезеңге 24 әулет өткен.

«Биыл «Мерейлі отбасы» сайысына қатысуға ниет білдіргендер көп болды. Олардың 40 пайызы көпбалалы жанұялар екенін атап өткім келеді. Жастар мен еңбек династияларының саны артып отыр. Ең үздік деген 24 отбасы байқаудың облыстық кезеңіне жолдама алды», — деді салтанатты шараны ашқан Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет.

Алты номинация бойынша жеңімпаздар анықталды. Атап айтар болсақ: «Мұғалім – құрметті мамандық», «Еңбек династиясы», «Талантты отбасы», «Туған өлке игілігі үшін», «Ұрпақ сабақтастығы» және «Отанның берік қалқаны».

Мағжан Жұмабаев ауданына қарасты Возвышенка ауылынан келген Айтжановтар отбасы «Еңбек династиясы» аталымында жеңіске жетті.

«Мен 16 жылдан бері Возвышенка ауылда тұрып келемін. Механизатор болып жұмыс істеймін. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» демекші, жұмыстан ешқашан бас тартқан емеспін. Елбасының қолынан ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» Орденін алдым. Адам әрқашан алға қойған мақсатына жету керек», — дейді байқауға қатысушы Ермек Айтжанов.

Ал «Отанның берік қалқаны» аталымында Тайынша ауданынан келген Жапаровтар отбасы үздік атанды. Отағасы Сайран Жаманшалұлы полиция қызметінде 15 жылдан бері еңбек етеді. Ал қызы Әмина нағыз жұлдыз. Ол өткен жылы Сочиде өткен «Новая Волна» балалар халықаралық фестивалінде сәтті өнер көрсетіп, «Көрермен көзайымы» номинациясын жеңіп алған еді. Басқа да номинациялар өз жеңімпаздарын тапты.

Жамбыл ауданынан келген Ысқақовтар отбасы мен петропавлдық Эктовтар бірінші орынға лайық деп танылды. Ысқақовтар 2004 жылы Өзбекстаннан Қазақстанға қоныс аударған. Отағасы Сапархан Серікұлы – қазақ тілі пәнінің мұғалімі. Сайра Мұрсаханқызы – балабақша тәрбиешісі. Ерлі-зайыптылар төрт баланы дүниеге әкелген. Ал өткен жылдың қыркүйегінде Ысқақовтар тағы төрт бала асырап алған. Олар барлық балаларын тең көретінін айтты. Отағасы көпбалалы шаңырақта өскен балалар жақсы адам болатынына сенімді.

«Мен өзім үлкен отбасыда дүниеге келдім. Сондықтан біз Артем, Екатерина, Мария мен Григориді балалар үйінен алуға бел будық. Ең бастысы балаға өтірік айтпау керек. Мен оларға шындықты айтуға қорықпаңдар деп үйретемін», — дейді Сапархан Ысқақов.

«Мерейлі отбасының» жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар табысталды. Сайыстың республикалық кезеңі 7 қыркүйекте Астана қаласында өтеді.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ