Түркістан облысында темір жолдан өтпек болған 16 жастағы жеткіншек ажал құшты

0
2

Түркістан облысында темір жол тағы бір жеткіншектің өмірін жалмады. Манкент станциясындағы темір жол торабының белгіленбеген жерінен өтпек болған 16 жастағы жасөспірім пойыздың астына түсіп, мерт болған деп хабарлайды UZYN.KZ.

Фото: Sputnik Казахстан

Куәгерлердің сөзінше, жеткіншек Манкент станциясына келіп тоқтаған пойыздың астынан еңкейіп өткенде келесі жолақта жүйткіп келе жатқан пойыздың астына түсіп, оқиға орнында қайтыс болған.

Жергілікті тұрғын Құмра Азимова көз алдымда болған оқиғаны әлі күнге ұмыта алмай, есімді жия алмай отырмын дейді. Айтуынша, марқұм болған жеткіншек Манкентке жуырда ғана көшіп келген. 10-сыныпқа аяқ басқалы отырған жасөспірім жергілікті балалар сияқты темір жол бойынан өтіп үйренебеген болуы керек дейді.

Қауіпті аймақтағы қайғылы жағдайлардың жиілеп кеткеніне алаңдаулы жауаптылар осы оқиғадан кейін бүгін халықпен кездесті. Түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Айтуларынша, тұрғындардың темір жол торабын белгіленбеген жерден кесіп өтуі тіркелген қайғылы оқиғалардың барлығына дерлік себеп болып отыр.

Осыны түсіндірмек болған жауаптыларға тұрғындар уәждерін жаудырды. Жергілікті халық жазатайым жағдайлар жиі орын алатын Манкент станциясын қоршау қажеттігін жылда айтамыз, нәтиже жоқ дейді.

Тұрғын Шарипа Маралбаева, «қаражат жоқ деп отыру дұрыс емес, жұрт темір жолда қайтыс болған балалаларын жерлеп отырғанда үкімет ақша тауып беріп, көпір салып беру керек» дейді.

Дегенмен, жауаптылар қоршаудан да қайран жоқ деп отыр. Темір жолдың қауіпті аймақ екенін ескере бермейтін асығыс жұрт көпірді пайдаланбай, кез келген жерден кесіп өтетінін айтады.

Шымкент стансасының ішкі істер желілік бөлімі ювеналдық полиция тобы инспекторы Аида Махашева шаһардағы темір жол бойынан жуырда 40 шақырым қоршау қойылғанын алға тартты. Алайда, халық әлі күнге өткелден өтпей, өздеріне ыңғайлы жерден кесіп өтеді екен.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ