Талдықорғанда жергілікті әкімдік жабайы саудамен күресіп жатыр

0
0

Үш күннен бері Талдықорған әкімдігі жабайы саудамен күрес жүргізіп, көше бойындағы сатушыларды жаппай қуып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Фото: ҚазАқпарат

Жұмыстың қызу жүргізілгені соншалық, әкімдіктегілер саудагерлердің сауда жасайтын орындарын түнгі уақытта арнайы көлікпен тазалап тастаған.

«Менің 1 млн теңге несием бар. 4 балам бар. Күйеуім туберкулез ауруына шалдыққан. Үкіметтен үй сұрап жатқан жоқпын. Ақша сұрап жатқан жоқпын. Неге қарапайым халықтың жағдайын ойламайды? Әкімдіктің бізге ұсынған жерлерінде сауда жүрмейді», — дейді саудагер Роза Ибраимова.

«Бір күнде 100-ге жуық адам далада қалдық. Осыншама адамға әкімдік жұмысты қайдан тауып бермек?», — деді шарасыз қалған саудагер Жанна Белавина.

Қаңтардың қара суығында нәпақасыз қалған саудагерлер Талдықорғандағы базарлар жекенің қолына өтіп кеткеніне наразы. Сәйкесінше мұнда жалға беру құны да аспандап тұр дейді олар.

«Мен қолымнан келгенше халыққа көмектескенді жақсы көремін. Бірақ заң бар, талап бар. Жалпы сіздердің жағдайды облыс әкіміне жеткіземін, қаланың әкімі жұмысқа шықты. Қорытындысын айтамыз. Мүмкін, коммуналдық базардан, мүмкін орталықтан ба, орын қарастырамыз», — деді Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Мәнзоров.

Бірақ саудагерлер шенеуніктен оларға тек орталық базардан орын тауып беруін өтінді. Айтуларынша, сауда осы жерде ғана жақсы жүреді. Сондай-ақ әкім орынбасары мұның бәрі заң талабы, қалалық әкімдіктің шешімі екенін айтты.

«Мен базарға шұлық әкеп сатамын. Қазір қуып жіберді. Аш қалмау үшін біреудің ыдысын жуатын шығармын», — деп саудагер Бақытгүл көзіне жас алды.

Жайма базарда шұлық сатып, табысынан айырылған аналардың тұрмыс жағдайы нашар. Мәселен Бақытгүлдің үйінің есігінен тесігі көп. 11 айлық баласы бар жалғызбасты ана қуықтай бір бөлмелі үйді 30 мыңға жалдап тұрады екен. Шарасыз отырған екі баланың анасы Бағдат Мәнзоровтың көмектесетініне сеніп, басқа саудагерлер сияқты үмітпен үйіне қайтты.

 

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ