Жамбыл ауданының термешісі облыста топ жарып, байқаудан жүлдемен оралды

0
10
Фото: uzyn.kz
Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен дәстүрлі түрде жыл сайынғы «Текті сөздің төресі – терме» атты облыстық жыршы-термешілер байқауы болып өтті.

Бабалар тілегі мен ғасырлар аманатын арқалаған киелі мұраны дәріптеу, сөйлеу мәдениетін қалыптастыру, ұлттық өнердің мәйегі болып табылатын жыр және терме жанрын насихаттауды мақсат тұтқан шараның көрерменге берері мол болды.
Үміткерлерге Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына сәйкес тақырыптық бағыттардағы шығармаларды орындау ұсынылған болатын.

Байқауға қатысушылардың өнерін бағалау кезінде орындалатын шығарманың ұсынылған тақырыптарды қамтуы мен өзектілігі, шығарманы орындау шеберлігі мен сахна мәдениеті қоса ескерілді. Дода талаптары қатысушылар тарапынан ойдағыдай еңсерілді. Алайда бәйге болған соң, сайдың тасындай іріктелген жүйріктер арасынан да асығы алшысынан түсіп, бағы мен бабының сай келген нағыз қазанат қана суырылып шығары анық.

Екі сағатқа созылған байқау қорытындысы бойынша Гүлбақыт Баймұхамет (Кеген ауданы), Ұлжан Бақтияр (Талдықорған қаласы) және Нұрболат Қосанов (Іле ауданы) жүлделі 3 орынды өзара бөлісіп, әрқайсы 60 мың теңге мөлшеріндегі сыйақыға ие болды. Ал, 2 орынды және 80 мың теңге көлеміндегі сыйақыны Есхат Нұрәлі (Көксу ауданы) мен Рауан Ексілов (Алакөл ауданы) иеленді. Кіл жүйріктен кім жүйрікті таңдаған бәсекелі бәйгеде Жамбыл ауданының намысын қорғап келген Ұлжан Аглакова бірінші орын тұғырына көтерілді (сыйақы мөлшері 120 мың тг).

 

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ