Жергілікті жерлердегі шешімін күткен мәселелер айқындалды

0
2

Бүгін облыс әкімдігінде аудан, қала әкімдерінің есебін тыңдау басталды. Облыс әкімі Амандық Баталов алдымен Қарасай, Іле, Еңбекшіқазақ аудандарының әкімдерін тыңдады, деп хабарлайды UZYN. KZ.

Фото: zhetysu.gov.kz

Олардан негізінен 2019 жылы шешуді қажет ететін қандай мәселелері бар, қандай проблемалардың түйінін тарқатуға облыстан қолдау қажет екендігі сұралды. Мұндай отырыс жергілікті жерлердің өзекті мәселелерін айқындау, оларды шешуге қолдау көрсету мақсатында жыл сайын өткізіліп жүр.

Алдымен мінбеге көтерілген Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев 2018 жылдың 10 айындағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге қысқаша тоқталып өтті. Оның айтуынша, өткен 10 айда өнеркәсіп өндірісінің көлемі 203 млрд. теңге болса, жыл соңына дейін оны 236,2 млрд. теңгеге жеткізу көзделген. 2018 жылдың аяғына дейін негізгі капиталға тартылған инвестиция 113,5 млрд. теңге болады деп жоспарланған. Биылғы жылда ауданда тұрғын үй салу көрсеткіші 179 мың шаршы метрге жетуі тиіс. Ауданда есепті кезеңде 2093 жаңа жұмыс орны ашылған.

Бұдан әрі Ж. Далабаев сөзін шешімін күткен мәселелермен жалғастырды. «Асыл Арман» тұрғын үй кешенінде 1200 орындық мектеп пен 315 орындық балабақша салуға, Белинский, Әзірбаев, Ғабдуллин атындағы және басқа да бірқатар мектептерге күрделі жөндеу жүргізуге, аудан халқы санының өсуіне байланысты Қаскелең қаласынан емханасы бар жаңа аурухана салуға, тозығы жеткен бірқатар ауылдық ауруханалар мен дәрігерлік амбулаториялардың орнына жаңа нысандардың құрылысын бастауға қажетті құжаттамалар әзірлеуге қаржылық қолдау сұрады. Сонымен қатар көктем сайын қайталанатын қар суының жайылу мәселесін болдырмау үшін Қаскелең қаласының арық жүйесін жаңғырту ісі де облыс басшылығы тарапынан мақұлданды. Бекболат ауылының ауыз су жүйесін, Қырғауылды ауылына кәріз жүйесін тарту жұмыстары да назардан тыс қалмады. Шамалған бекетіндегі темір жол қозғалысының тұрғындар өміріне жиі қауіп төндіруіне байланысты темір жол желісінің үстінен көпір өткелінің құрылысын жүргізу мәселесі көтеріліп, «ҚазАвтоЖол» АҚ-мен бірлесіп жұмыс істеу қажеттігі пысықталды.

Есеп соңында облыс әкімі А. Баталов Қарасай ауданының «7-20-25», «Нұрлы жер» бағдарламаларын орындаудағы шабан қимылын сынға алды. Сонымен қатар аудандағы 11 сауда базарының ешқайсысы заманауи талаптарға сай еместігін де аудан басшылығы әлі назарға ала қоймаған. «Облыстағы іргелі өнеркәсіптердің көпшілігі Қарасай ауданында орналасқан. Сондықтан өнеркәсіп өндірісінің төмендеуіне жол берілмеуі тиіс. Бұл жөнінде ірі және орта кәсіпорындармен жұмыс жүргізіңдер», — деді А. Баталов.

Өз кезегінде Іле ауданының әкімі Бағдат Қарасаев сөз алып, 2018 жылды өсудің оң динамикасымен аяқтауды жоспарлап отырғанын жеткізді. 2019 жылдың негізгі міндеттері мен шешімін күткен мәселелерін анықтап айтып берді. Келесі жылы аудан экономикасына 10 ірі және орта кәсіпорынды кеңейту, 12 жаңа ауқымды жобаларды жүзеге асыру және «Береке» индустриалды аймағындағы жобаларды кезең-кезеңімен жүзеге асыру есебінен 70 млрд. теңге инвестиция тарту жоспарланған. 5 су шаруашылығы каналдарын жөндеудің ЖСҚ-лары дайындалуда. Бұл 5 каналды қалпына келтіру арқылы ауданның суармалы жерлері тағы 1,5 мың гектарға артатын болады.

Іле ауданында шешімін күткен мәселелер баршылық. Солардың қатарында Өтеген батыр кенті мен Боралдай ауылында канализациялық-насос стансаларын қалпына келтіру, Өтеген батыр кентінде қоқыс алаңдарын талапқа сай жасау мен контейнерлерді ауыстыру, «Іле коммуналдық шаруашылығы» ШЖҚ МКК паркінің техникаларын толықтыру, балалар мен спорттық алаңдардың техникалық жағдайын жақсарту және басқа да маңызды мәселелер көтерілді.

Облыс әкімі өз сөзінде айтылған мәселелер зерделеніп, тиісті қаражат бөлу мәселесі қарастырылатынын айтты. Және көшелерді жарықтандыру сияқты кейбір мәселелерді мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігімен шешуді тапсырды. Сонымен қатар «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы бойынша ауданда бүгінгі күнге қолданысқа беруге дайын тұрған 45 пәтер болғанымен, небары 19 ғана өтініштің оң қорытындыға ие болғанын төмен көрсеткіш деп бағалады. «Ауқымды аудан үшін бұл өте аз. Әлі де тындырымды нәтиже көрмей тұрмын. Қолданысқа беруге дайын тұрған 45 пәтерге берген барлық өтініштер жылдам қаралып, оң қорытынды алуларына қол жеткізетін болыңдар», — деді А. Баталов.

Үшінші болып мінбеге Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Бинәлі Ысқақ шықты. Ол өзі жетекшілік ететін өңірдің ауыл шаруашылығындағы, өнеркәсіптегі, шағын және орта бизнестегі, инвестиция тартудағы толымды істеріне аз-кем тоқталды. Мәселен, соңғы үш жылда ауданда 1500 гектарға интенсивті бақтар отырғызылып, оған тартылған инвестиция көлемі 13 млрд. теңгеге жеткен. 2017 жылы 395 гектар жерге бақ егілсе, биылғы жылы жаңадан отырғызылған бақ аумағының көлемі 568 гектарды құраған. Сондай-ақ Б. Ысқақ шешімін күткен бірқатар мәселелерді атап өтті. Соның ішінде Есік қаласы мен Шелек ауылында 101 көпқабатты тұрғын үйлерді жылыту үшін 46 модульдік қазандықтар орнатуға, 32 әлеуметтік нысанды газбен жылыту жүйесіне қосуға, үш ауысымды және типтік емес мектептер мәселесін шешуге және басқа да мәселелерге қаржылай қолдау сұрады.

Облыс әкімі А. Баталов өз сөзінде Еңбекшіқазақ ауданында ирригациялық жүйелерді жөндеу, сол сияқты мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша бір-де бір жоба ұсынылмағанын, сиыр етінің экспортына аудан әлі күнге үлес қоспағанын сынға алды.

— Барлық аудан, қала әкімдері Елбасы тапсырмаларын орындауды басты бағыт етуі тиіс. Соның ішінде Президенттің «7-20-25» бағдарламасын орындауда облыстың көрсеткіші көңіл көншітпейді. Жыл соңына дейін осы тұрғын үй бағдарламасының жоспарына шығуды қатаң тапсырамын. Аудандар әлеуметтік нысандарды, көп қабатты тұрғын үйлерді табиғи газға, орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу туралы ұсыныстарын айтып жатыр. Бұл жұмыс жүйесіз, шашыраңқы түрде жүргізілмеуі керек, облыста осы мәселе бойынша барлық аудан, қаланы қамтитын, кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын нақты жоспар болуы тиіс. Осы айтылған мәселелер бойынша жұмысты сол салаларға жауап беретін орынбасарларым қатаң бақылауға алсын. Ал бүгін әкімдер тарапынан айтылған аудандардағы проблемалар зерделеніп, мүмкіндігінше алдағы жылға қаржы қарастырылатын болады, — деді А. Баталов сөзінің қорытындысында.

 

 

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ