ЖОО доценті Мейрамбек Бесбаевқа жауап берді

0
2

Байлардың аста-төк той-томалақтарынан көп қаржы табатын әншілер шын дарынды жастарға арналған мемлекеттік білім гранттарына жармаспағандары жөн. Мұндай пікірді филология ғылымдарының кандидаты, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының доценті Мырзантай Жақып білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мырзантай Жақып

Айта кетейік, бұған дейін «Мәдениеттану» мамандығы бойынша магистр дипломын қорғаған Мейрамбек Бесбаев әлеуметтік желіде өз атына айтылып жатқан сындарға жауап берген болатын.

Ол ҚазАқпарат агенттігінде «Мейрамбек Бесбаев: Ешкімнің жолына да, қызметіне де таласқан емеспін» тақырыбымен де шықты. Біршама уақыттан кейін Мейрамбек Бесбаев өз постында атап көрсеткен  Мырзантай Жақып ҚазАқпаратқа пікірін жолдап, оны жариялауымызды өтінді.

«Ешкімнің нақты атын атап, түсін түстемесем де, қара халықтың есебінен әбден байып алған «әнші-журналист-жұлдыздар» енді мемлекеттік білім гранттары арқылы тегін «оқып», «әнші-магистр-докторларға» айнала бастағаны туралы әлеуметтік желіде жарияланған жазбамды кейбір азаматтар тікелей өздерінің аттарына қабылдап, «қызғанып, көре алмай жатыр», «қуанышқа ортақтаса алмайтын, іштарлығы бар адам» деп менің атыма біраз ауыр-ауыр сөздер жазып тастаған.

Оны қалың көпшілікке таратып жатыр екен. Біз сияқты қатардағы қауымдастырылған профессордың бір ауыз сөзіне осыншалықты деңгейде ерекше мән беріп, қызу талқыға салып жатқан көпшілік қауымға шексіз алғысымды білдіремін!», — деп жазады ғалым.

Оның пайымынша, көпшіліктің алдында жүрген өнер адамдары ағылшын немесе басқа да шетел тілдерін жетік меңгеріп, тіпті ғарыштық техника ғылымдары саласы бойынша академик атанып жатса да, өздері біледі. Оған ешкімнің де қарсылығы жоқ.

«Егер әншілер өздерінің шынайы білімдерімен сондай дәрежеге жетіп жатса, өз басым оған тек қана қуанамын! Алайда кейбір «тележұлдыздардың» сахнадағы атақтарын пайдаланып, өнер саласына мүлдем қатысы жоқ ұлттық жоғары оқу орындарының магистратуралары мен PhD докторантураларына қарай жаппай лап қойып, мемлекеттік білім гранттары есебінен «оқу бітіріп», диссертациялар «қорғауға» кірісуі жалпы сипат ала бастауын;

ұлттық университеттерді басқаратын кейбір ректорлардың өз қарамағындағы студенттері мен профессор-оқытушыларын тырп еткізбей, уысында қысып ұстап отырып, керісінше, әртүрлі «жұлдыздардың» алдында құрдай жорғалап, жас балаша жүгіруін өз басым мүлдем түсіне алмаймын!

Байлардың аста-төк той-томалақтарынан көп қаржы табатын әншілер мен «тележұлдыздар» егер академиялық және ғылыми атақ-дәрежелер алғысы келіп жатса, жоғары оқу орындарының магистратуралары мен PhD докторантураларының ақылы бөлімдеріне өздерінің жеке ақшаларын төлеп оқығаны, шын дарынды жастарға арналған мемлекеттік білім гранттарына жармаспағандары жөн.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні — осы», — дейді Мырзантай Жақып.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ